+ Увеличить шрифт | - Уменьшить шрифт
Бокейординская районная
больница
Управление здравоохранения Западно-Казахстанской области
Call-центр+7 (71140) 40-0-16Версия для слабовидящихОбычная версия сайта

Новости

ГлавнаяНовостиКӘСІБІҢЕ МЕН СЕНІҢ, БАСЫМДЫ ИЕМ!

КӘСІБІҢЕ МЕН СЕНІҢ, БАСЫМДЫ ИЕМ!

Редакциямызға Дәржан Сыдықова апамыз арнайы алғыс айта келіпті. Алғыс аудандық аурухананың ақ халаттыларының атына айтылды.

­- «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жігерлі жұмыс пен тынымсыз тірлікті қажет ететін, уақытпен  санаспай, барша  жанның бүгіні мен болашағына қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлердің орны ерекше. 

Ай жарым бұрын туған  бауырым  Ізбасар кенеттен ауырып,   ауруханаға түсті. Инсульт деп диагноз қойды. Шауып жүрген жанды төсекке сұлық жатқызған инсульт жалғыз келмеді. Аппендицит те жармаса келіпті. Соқырішектің емі кесіп алып тастау керек екені бәріне белгілі ғой. Ота жасалатын болды. Екі бірдей аурумен  алысқан бауырымыздың жағдайы қалай болар деп қобалжыдық. Соқырішек қазіргі медицинада әне бір күрделі ауру емес қой. Инсульт диагнозына қарамастан, жалпы бөлім дәрігерлерімен соқырішекке қарсы ота жасалды. Алла қолдап, отасы да, басқасы да оңынан болды. Інім сол жатқаннан тура бір ай жатып шықты. Жаратушыға шүкіршілік,аудандық  аурухананың ақ халатты абзал жандары, нақты айтқанда жалпы бөлімнің қызметкерлері аяқтарынан тік тұрып дер кезінде көмек етті.Сол білікті мамандардың арқасында інім қазір ортамызға оралды. Әрине, бірден шауып кетпеседе қазір қалы жақсы. Інімнің жағдайын қатаң қадағалап,  уақтылы әрекет еткен үшінжалпы бөлімінің ұжымына айтар алғысымыз мол, - дейді апайымыз асқан ризашылықпен.

Аудандық аурухананың жалпы бөлімінде тек 33 төсек орыны қарастырылғанына қарамастан жылына кем дегенде 800 аудан тұрғыныосы ұжымның қызметіне жүгініп, ем-шарасын қабылдайды екен. Сандық мәліметке сүйінсек, 2018 жылы 843 адам, 2019 жылы 799 науқас, биылғы бес айда 297 адам жалпы бөлімде жатып, ем алған екен.

Аталмыш бөлім хирургия, гинекология, неврология, педиатрия, терапия саласы бойынша қызмет көрсетсе, сол бөлімде төрт кезекші медбике, сегіз кіші буын қызметкері дәрігерлерге әрдайым демеушілік етуде десек болар.

Терапевт дәрігер Балжан Мұратованы осы жалпы бөлімнің бейресми меңгерушісі таниды. Бейресми деп отырғанымыз, бөлімнің ресми түрде аурухана әкімшілігінен бекітілген басшысы  жоқ. Екінші мүшелден енді асқан Балжан – жастығына қарамастан, осы бөлімнің бар тыныс-тіршілігіне жауапкершілік танытып отырған жас маман.

­- Дәрігер үшін алдына қиналып кеткен адамның дертіне дауа тауып, еңсесін тіктеп кеткені маңызды. Бұл – дәрігер үшін үлкен стимул. Дәрігер еңбегінің көрсеткіші. Ризашылығын білдірген әр адамға өз тарабымнан «сізге қызмет еткеніме бақыттымын» дегім келеді. Мектеп кезінен дәрігер адамның өмірі мен өлімнің арасындағы арашашыдай көрінетін, дәрігер мен үшін қаһарман десем болады. Осы оймен жүрген мен үшін мамандық таңдауда басқалай ой болған жоқ. Менің еңбегімді бағалап жатса, жетістікке жалғыз өзім жеткенім жоқ. Тұтас ұжымның еңбегі,-дейді қарапайымдылық танытқан Балжанымыз.

Жалпы бөлімде ем алғандардың көпшілігі невропотолог-психиатр Алтынай Таумановаға ризашылықтарын білдіріп жатады. Алтынай Халыққызы да жанын салып, қызмет көрсететін мақтаулы маманның бірі.

Өмірінің 33 жылын осы аудандық аурухана қабырғасында өткізген Халыққызының мінсіз қызметін басшылық та жоғары бағалайды. Аудандық аурухананың басшысы Анарбек Белисанов:

–  Жалпы Алтынай Тауманова ұзақ жылғы еңбек өтілім бар, мол тәжірибем бар деп бәлсінбей, үнемі ізденіс үстінде жүретін, үнемі білім-біліктілігін, кәсіби шеберлігін жетілдіріп, заман талабына сай өзін-өзі қамшылап жүретін маман. Осы қасиетіне бас ием. Дәрігердің ем-шарасынан бұрын, қабылдауы, сөйлесуі, яғни тіл табысуы маңызды. Осы тұрғыда Алтынай Халыққызының науқаспен тіл табысуы үлгі тұтарлық.  Алдына келген науқастың көңілін тауып, жылы сөздерімен демеп, сауығып кетуіне көмектеседі. Қоғамдық шараларға белсене қатысып, жетістікке жетуде ұжымның ұйытқысы бола білді. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 2000 жылы Бөкей ордасы аудан әкімнің «Мақтау қағазымен», 2017 жылы БҚО ДС қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет» грамотасымен  марапатталған. Өзім осындай керемет маманмен жұмыстас болғаныма өте қуаныштымын,-дейді әріптесі туралы.

Басшының өзі бағалап отырған Алтынай Тауманованы сөзге тартқан едік.

– Дәрігерлік қызметтің қиындығы мен үшін жоғары оқу орнынан басталған еді. Қазіргісін білмеймін ғой, онжылдықты қазақ тілінде бітіріп барған мен үшін бастапқыда материалдарды  орыс тілінде қабылдау аса қиын болды. Оқулықтың бәрі де, дәріс те орыс тілінде еді. Берілген тапсырманы, дәрісті қазақ тіліне аударып берші деп тіл білетіндерге жалынып жүретін едік. Дәрігер институт бітірумен толық иегеріле салатын мамандық емес. Бір аурудың өзі жылдан жылға өзгеріп, түрлі симптоммен көрініс табады. Диагнозды тап басып тану үшін өзіңді жетілдіріп отыруың керек. Дәрігер болған соң аурудың қалай басталып, немен тынатынын біліп отырасың. Ауру тек диагнозды дәл табу емес, науқастың сол диагнозды қабылдап, күресуіне байланысты. Салы суға кетіп, екі қолын көтеріп, беріле салса, дәрігердің біліктілігі еш маңызы жоқ. Кейде алдын ала диагноз қойып, науқасты облыс орталығына жібереміз ғой. Диагнозың ол жақтан да расталса, риза боп отырасың. Кейде диагнозды болжамды түрде қойып, жолдамамен қалаға жіберіп алып, науқастың жағдайын білгенше жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Расталмаса екен деп тілейсің. Мысалы, бой жетіп қалған қыз балаға қатерлі ісікке болжам болды. Соншама, расталмаса екен деп тілегем, болмады...-дегенде ақ халатты Алтынай апайымыздың көзінен жас бұрқ етті.

Шамасы, жақын адамы болар деп болжадық. Сөйтсек, мүлдем олай емес екен. Жай ғана пациенті. «Алтынай Халыққызы бауырмал адам. Үнемі осылай ет-бауыры елжіреп, бірге уайымдап отырады» дейді әріптестері.

– Біраз жыл тәжірибеңізді есепке ала отыра, болашақта дәрігер болам деушілерге қысқа, нұсқа үш кеңес берсеңіз, не айтар едіңіз?

– Мамандыққа өз таңдауыңмен келу, біліміңді жетілдіру, адамдарға деген ақ ниетіңнің болуы шарт! - дейді Алтынай Тауманова.

Ауруханада  медбике мен санитарлық қызметкерлер ауыр артеллерия саналды. Дәрігер диагноз қойып, ем-шарасын тағайындаса, медбикелеріміз сол ем-шараны жүзеге асырады. Сізге салынатын ине мен қойылатын система, жасалатын түрлі процедуралар осы медбикелердің қабілет-қарымына байланысты.  Жалпы бөлімнің Роза Қиясова, Ақмарал Сәрсенова, Гүлбаршын Мөкешева, Гүлайым Құрманғалиева, Надира Сүйінішева, Бақыт Хамидоллина, Бибігүл Ғабдоллина, Гүлмира Хамитовалар қызметі қарбалас осы бөлімнің «көрінбейтін тыл қаһармандары». 

Осы бөлімнің тазалығынан бастап, ауыр жағдайда түскен науқастардың күтіміне санитарлық қызметкерлер жауап береді. Жаңылсын Өтеғалиева, Баян Өтешқалиева, Жібек Орынбаева, Гүлбарам Хабиева, Майра Төлеуова, Мәрия Мұқатова, Жұмағаным Сапуановалар бөлімнің қара жұмысын жасап жүрсе де, қабақ шытпайтын мықтылар.

Кіші буын қызметкерлері тек тазалық жұмыстарына жауап беріп қана қоймай, анасына көндікпеген баланы бағуға болысып, ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің қолтығынан демеп, таяныш, көзі көрмейтіндерге жолбасшы да бола салады. Төсек тартып жатқан науқастардың да гигиеналық күтімі дәл осы жандардың мойында.

– Санитарлық қызмет атқарып жүргеніме отыз екі жыл болды. Бастапқыда күнкөрістің қамымен келсем де, қазірде басқа жұмыс іздеу, қызмет ауыстыру туралы ойламаймын да. Жеке өмірім осы аурахана тірлігімен біте қайнасып кетті десем болады. Науқастар ем алып, аяқтан тұрып жатса, бірге қуанып, солардың тиісті деңгейде ем алуына қолғабысымыз тигеніне разымыз,-дейді біз барған күні кезекшілік ауысымда қызметін атқарып жүрген Бәтима Шәкенова.

Жалпы бөлім тек учаскелік дәрігер-терапевттердің жолдамасымен келгендерді ғана қабылдап, сауықтыру қызметін көрсетпейді. «Жедел жәрдеммен» түскен науқастарға да қызмет көрсетуге дайын. «Жедел жәрдеммен» кімдер келмейді? Созылмалы ауруы асқынған науқастар да, жол апатынан зардап шеккендер, қол-аяғын күрекпен шауып, ораққа түскендер, күйеуінен жапа шеккен әйелдер, бөтелкелесінен жұдырық жегендер, уланған,  тиын жұтқан балалар, тағы басқалар. Біз тақырып қылған бөлімнің дәрігерінен бастап, медбике, санитарлық қызметкерлеріне дейін тас түйін дайын.

Қас-қабағын бағып науқастың, денсаулықтың майданында шайқасқан дәрігерлердің кәсібіне бас имеске бола ма?

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ,
Бөкей ордасы ауданы

Сервисы

Президент Республики КазахстанНурсултан Абишевич
Назарбаев

Медицинские организации

Здравоохранение в цифрах
Итоги за 3 квартал 2018 года

Фото

Видео